"Болашақ мекемесі" XIII Халықаралық HR конференциясы

"Болашақ мекемесі" XIII Халықаралық HR конференциясы

«Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті кадрларды даярлаудың жаңа жүйесін қалыптастырмақ. Осы арқылы еншілес компанияларды әлемдік деңгейге шығару көзделген. Бүгін Елордада өткен HR халықаралық конференциясында отандық және әлемге әйгілі компания өкілдері бас қосып адам капиталын нығайтудың жаңа жолдарын талқылады. Толығырақ арнамыздың тілшісі Айзат Қайырлыбекқызы тарқатады. 

Осымен 13 рет өткізіліп отырған HR халықаралық конференциясына 400-ден аса адам қатысты. Бұл бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.

«Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті мұрындық болып отырған ауқымды шара компания жетекшілерінің біліктілігін арттыруға бағытталған. Бүгінде бәсекелестік нарықта кәсіпорынның дұрыс дамуы үшін адами капиталының маңызды зор.

Қанат Құдайберген - «Тау-Кен Самұрық» АҚ Басқарма төрағасы

«Трансформация дегеніміз негізгі ұғым. Бұл бизнес процестердің деңгейін өзгерту ғана емес, бұл адамдардың ойын, қазіргі замандағы жағдайға байланысты өзінің түсінігін түйсігін өзгерту»

Санға емес сапаға баса назар аударған «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті білікті кадрларды іріктеудің жаңа жолын ұсынуда. Енді  мамандарды таңдау 8 сатылы конкурстық жүйе арқылы жүргізілмек.

Ахметжан Есімов - «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы

«Сегіз сатылы таңдау жүйесі үміткерлерді мұқият іріктеудің тамаша мүмкіндігі. Бір орын үшін қазір 156 адам таласқа түсуде. Сондықтан, біздің міндетіміз - кадрларды таңдау бір адамға байланысты болмас үшін жаңа жүйені құру қажет»

Бұдан бөлек, ведомства басшысы ортақ қызмет көрсету орталығы арқылы мамандардың цифрлық дағдыларын жетілдіруді тапсырды. Бұл бірінші кезекте мемлекттік сатып алу сексторына қатысты болмақ.

Ахметжан Есімов - «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы

«Біз мемлекеттік сатып алу жүйесін өзгертпекпіз. Дәл осы салада жемқорлық өршіп тұр. Жыл басынан бері түрлі шара қолданылды. Енді қызметкерлерді полиграф арқылы тексеруді қарастырып жатырмыз»

Адами ресурсты дамытудың тағы бір жолы ретінде «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті жыл сайын «Сенім-2018» байқауын өткізеді. Басты мақсат еліміздегі ең үздік жұмыс берушілерді анықтау. Таласқа түскен жобалар 5 номинация бойынша сыналып, жаңашылдығы мен тиімділігіне қарай жүлдеге ие болады.

«Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті ұйымдастырған конференцияның тағы бір ерекшелігі түрлі саладағы 200-ден аса отандық және әлемге аты әйгілі шетелдік компания өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.

Иоланта Стрикица - «Strikitsa Consulting» компаниясының басқарушы директоры

«Біз Самұрық Қазынамен 5 жыл көлемінде жұмыс істеп келеміз. Осы аралықтағы компаниядағы өзгерістер мені өте таң қалдырды. Белгіленген стратегиясы бар ірі компания бола тұра, оның өзгерістерге ашықтығы, оның қажеттілігін сезінулері мені бейжай қалдырмады»

Адам ресурстарын басқару үлгісін қайта құрылымдау - басымдық берілген бастамалардың бірі. Осы арқылы ұлттық әл ауқат қоры стратегиялық мақсаттарын ескере отырып еншілес компанияларды әлемдік деңгейге көтеруді көздеп отыр

 

Ақпарат көзі: Atameken Business Channel

http://abctv.kz/kz/tv/26-04-2018-21-00